Қорық аумағындағы Сиверс алмасының (Malus sieversii Ledeb. M. Roem) табиғи популяцияларының таралуы мен сандық құрамын бағалау Алматы мемлекеттік табиғи қорығының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына және қорық директорының 4 мамырдағы № 01-74/36-нқ бұйрығына сәйкес, 12–22 мамыр аралығында Сиверс алмасының (Malus sieversii Ledeb. M. Roem) табиғи популяцияларына түгендеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмыстарына «Қазақ орман орналастыру кәсіпорны» РМҚК маманы Б.Т. Айтекеев пен қорықтың ғылыми қызметкерлері қатысты.
Далалық зерттеулер теңіз деңгейінен 1200–2000 м биіктік аралығында орналасқан аралас жапырақты орман белдеуінің жекелеген учаскелерінде жүргізілді.
Түгендеу нәтижесінде қорық аумағында Сиверс алмасының жалпы саны 2016 дарақ екені анықталды. Оның ішінде 1465 ересек дарақ және 551 жас өскін есепке алынды. Жас құрылымын талдау барысында популяцияда 30–50 жылдық орта жастағы дарақтардың басым екені анықталды. Жас өскіндердің үлесі жалпы дарақ санының 27,3%-ын құрап, табиғи жаңару үдерісінің тұрақты жүріп жатқанын көрсетті.
Популяция құрамында жас өскіндерден бастап қартаю кезеңіндегі дарақтарға дейінгі барлық жас топтарының кездесуі оның жас құрылымының толық қалыптасқанын және табиғи жаңару үдерісінің үздіксіз жүзеге асатынын дәлелдейді. Сонымен қатар, жас дарақтардың жоғары үлесі популяцияның өсуші (прогрессивті) типке жататынын көрсетеді.
Фитосанитариялық бағалау барысында аурулар мен зиянкестердің айтарлықтай зақымдану белгілері анықталған жоқ. Жалпы, зерттеу нәтижелері Сиверс алмасының табиғи популяцияларының қорық аумағында тұрақты сақталғанын, олардың табиғи тұрақтылығы жоғары екенін және табиғи жаңару әлеуетінің жеткілікті деңгейде екенін көрсетті.
UNESCO/MAB
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті