Тіліңізді таңдаңыз

Алматы мемлекеттік табиғи қорығының биік таулы аймақтарында табиғаттың ерекше сақшысы – Гималай ұлары мекендейді.

Гималай ұлары теңіз деңгейінен 2500–4000 метр биіктікте, қылқан жапырақты шыршалы орман, субальпі және альпі белдеулерінде тіршілік етеді. Жартасты, қиыршық тасты тау беткейлерінде оны байқау оңай емес – табиғи реңі қоршаған ортамен үйлесіп, көзге түсе бермейді.

Ұлар көбіне Сібір тауешкілерімен бірге кездеседі. Бұл өте сақ әрі қырағы құс. Қандай да бір қауіпті сезген сәтте ол ерекше ысқырықпен белгі береді. Оның дауысы тек өзіне ғана емес, маңайдағы тауешкілерге де қауіптің жақындағанын білдіреді.

Қауіп төнген жағдайда ұлар тау бөктерінен көтеріліп, бір шыңнан екінші шыңға ұшып кетеді. Ал қыс мезгілінде қар аз жиналатын немесе қар тұрмайтын тау қырларын мекендейді.

Гималай ұлары – Алматы қорығы аумағында жыл бойы тұрақты мекендейтін отырықшы құс.Биік таулардың тынысын сезініп, ұлардың табиғи ортадағы тіршілігін бірге тамашалайық!