Тіліңізді таңдаңыз

2026 жылдың 26–31 наурыз күндері мемлекеттік инспекторлар мен ғылыми қызметкерлер қорық аумағында көктемгі жабайы аңдар санағын жүргізді. Санаққа Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы С. Лоян да қатысты.

Таңсәріден, күн шықпай тұрып, әр шатқалда топ-тобымен 10–15 марал кездесті. Күн сәулесі жақсы түсетін күнгей беткейлерде 9–15 еліктен құралған топтар, сондай-ақ әр жерде жайылып жүрген 4–5 елік тіркелді.

Бақылау барысында бір сілеусіннің ізі анықталды. Ал қар барысының ізі санақ жүргізілген бес бағыттың үшеуінде тіркелді.

Құстардан төрт сақалтай мен он бүркіт кездесіп, дүрбі арқылы бақылауға алынды.

Санақ барысында 10–12 еселі дүрбі, фототұзақ және дрон қолданылды. Жабайы аңдардың саны визуалды бақылау әдісі арқылы есепке алынды.

Есепке алу жұмыстары бес бағыт бойынша жүргізіліп, жалпы 30 шақырымға жуық жол жүрілді.

Санақ жұмыстары сәтті өтті.