Тіліңізді таңдаңыз

«Қызыл кітап» атауы ғылымға 1966 жылдан бастап енді. Мұндағы «қызыл» сөзі қауіп-қатерді білдіреді. «Қызыл кітаптарда» жер бетіндегі жойылып бара жатқан және сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар түрлері тіркеледі және оларды сақтау мен қорғаудың маңыздылығы атап көрсетіледі. Әрбір «Қызыл кітап» басылым деңгейіне қарай ең маңызды мемлекеттік құжаттардың бірі болып саналады. Бұл кітапты шығару туралы алғаш пікір айтқан ағылшын ғалымы — Питер Скотт. Халықаралық «Қызыл кітап» (Red Data Book) — Табиғатты қорғаудың халықаралық одағының (ХТҚО, IUCN) құжаты. Онда жойылып кету қаупі бар, сирек кездесетін және ғылыми тұрғыдан толық зерттелмеген, саны жыл сайын күрт азайып бара жатқан, қорғауды қажет ететін өсімдіктер мен жануарлар түрлері тіркеледі.

Жануарларды қорғау мәселесі ХХ ғасырдың басында көтеріле бастады. 1902 жылы Париж қаласында алғаш рет құстарды қорғау туралы халықаралық конвенцияға қол қойылды. Қазіргі уақытта «Қызыл кітаптың» бірнеше нұсқасы бар: Табиғатты қорғаудың халықаралық одағының «Қызыл кітабы», әрбір мемлекеттің ұлттық (республикалық) «Қызыл кітабы» және жергілікті аймақтық (облыстық) «Қызыл кітаптар».

Қазақстанның «Қызыл кітабы» — еліміздің аумағында жойылып кету қаупі бар және сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар түрлерін тіркеуге арналған арнайы мемлекеттік құжат. «Қызыл кітапқа» енгізілген түрлер табиғаттағы сақталу деңгейіне қарай бірнеше санатқа бөлінеді. Қазақстандағы алғашқы «Қызыл кітап» Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1978 жылғы 16 қаңтардағы №20 арнайы қаулысына сәйкес жарық көре бастады. Қазақстанда шыққан алғашқы «Қызыл кітап» омыртқалы жануарларға арналды және оған 87 түр енгізілді (балықтар — 4, қосмекенділер — 1, бауырымен жорғалаушылар — 8, құстар — 43, сүтқоректілер — 31).

Қазақстанның өсімдіктерге арналған «Қызыл кітабы» 1981 жылы жарық көрді. Онда екі санаттағы түрлер енгізілді:

жойылып бара жатқан түрлер;

сирек кездесетін түрлер.

1981 жылғы басылымда еліміздің аумағында өсетін 307 өсімдік түрі тіркелді. Оның ішінде 288 түрі гүлді өсімдіктер, 2 түрі қырықжапырақтар, 3 түрі қырықбуындар, 10 түрі саңырауқұлақтар және 1 түрі қыналар. Олардың 20 түрі жойылып кету қаупінде, ал 287 түрі сирек кездесетін өсімдіктер қатарына жатады. Жалпы ереже бойынша мемлекеттік «Қызыл кітап» әр 10 жыл сайын жаңартылып, толықтырылып отыруы тиіс. Алайда Қазақстанның өсімдіктерге арналған «Қызыл кітабының» екінші басылымы ұзақ уақыт бойы жарық көрмеді.

1948 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) Табиғатты қорғаудың халықаралық одағын (ХТҚО) құру туралы арнайы шешім қабылдады. Халықаралық «Қызыл кітапқа» енгізілген өсімдіктер мен жануарлар халықаралық жіктеу бойынша 5 санатқа бөлінеді:

1. Жойылып бара жатқан түрлер — мұндай түрлерді сақтау үшін міндетті түрде арнайы шаралар (қорықтар, ұлттық табиғи парктер, табиғи резерваттар және т.б.) ұйымдастыру қажет.

2. Саны күрт азайып бара жатқан түрлер — бұл түрлердің саны әзірге жеткілікті болғанымен, олардың күрт азаюына жол бермеу керек.

3. Сирек кездесетін түрлер — мұндай түрлердің санының азаюын үнемі бақылап отыру қажет.

4. Толық зерттелмеген түрлер — мұндай түрлерге қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары мұқият жүргізілуі тиіс.

5. Қалпына келтірілген түрлер

Қазақстанның омыртқасыз жануарларына арналған «Қызыл кітапты» дайындау үлкен ғылыми жұмыс болды. Себебі елімізде кездесетін омыртқасыз жануарлар түрлері мен олардың биологиялық және экологиялық ерекшеліктері толық зерттелмеген. Сондықтан «Қызыл кітаптың» алғашқы басылымдарында тіркелген түрлерді қайта талдау және нақтылау қажет болды. 2006 жылы Қазақстанның омыртқасыз жануарларына арналған «Қызыл кітаптың» үшінші басылымы жарық көрді. Бұл басылымға омыртқасыз жануарлардың 96 түрі енгізілді: 2 түрі — буылтық құрттар, 6 түрі — маллюскалар, 1 түрі — шаяндар, 2 түрі — өрмекшілер және 85 түрі — жәндіктер.

Қазақстанның омыртқалы жануарларына арналған «Қызыл кітаптың» толықтырылған және қайта өңделген төртінші басылымы 2010 жылы жарық көрді. Онда омыртқалы жануарлардың 128 түрі тіркелген: 1 түрі – дөңгелекауыздылар, 17 түрі – сүйекті балықтар, 3 түрі – қосмекенділер, 10 түрі – бауырымен жорғалаушылар, 57 түрі – құстар және 40 түрі – сүтқоректілер. Осы 128 түрдің ішінде 20 түрі Табиғатты қорғаудың халықаралық одағының (ХТҚО) Қызыл кітабына енгізілген.

Мұндай түрлерді сақтау — Қазақстанның бүкіл адамзат алдындағы үлкен жауапкершілігі. «Қызыл кітап» әрбір азаматтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сана-сезімін қалыптастыруға қызмет етеді.

Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген жануарлар:

01
02
03
04
05
06
07
08
09
10
11
12
13
14
15
16

Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктер:

12
01
02
03
04
05
06
07
08
09
10
11
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29