Алматы мемлекеттік табиғи қорығының аумағында 3 экологиялық соқпақ бар. Олар табиғат әсемдігін тамашалауға, қорықтың өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесімен танысуға үлкен мүмкіндік береді. Әрбір соқпақ өзіндік ерекшеліктерімен және тартымды табиғи көріністерімен құнды.
«Оң Талғар» экологиялық соқпағының ұзындығы – 10 км. Бұл соқпақ әсем таулы шатқалдар арқылы өтеді. Жол бойында қайыңды, көктеректі және жап-жасыл шыршалы ормандарды көруге болады. Соқпақ бойынан елік, марал, тауешкі, ақтиын, борсық, аюды кездестіруге болады. Қалықтап ұшқан бүркітті, сақалтайды, құмайды бақылауға болады. Соқпақтың соңы екі өзеннің қосылған жерінде аяқталады.

«Сол Талғар» экологиялық соқпағының ұзындығы – 6 км. Қысқалау болғанымен, табиғи алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Соқпақ Сол Талғар өзені бойымен өтеді. Өзеннің ағысы қатты, суы мұздай. Қарсы бетке өту мүмкін емес. Мұнда эндемикалық және сирек кездесетін өсімдік түрлері кездеседі. Бүркіт, қырғауыл, кекілік, сілеусін, аю сияқты жануарлар мекендейді.


«Есік көлі» экологиялық соқпағының ұзындығы – 9,6 км. Бұл соқпақ келушілерді атақты Есік көліне алып барады. Жол бойында көрікті тау пейзаждары, жасыл ормандар мен гүлге оранған алқаптар көз тартады. Көлдің мөлдір суы, айналасындағы табиғи көрініс ерекше әсер қалдырады. Соқпақтың соңы селден қорғау үшін салынған бөгетте аяқталады. Бүгінде бұл бөгет Есік қаласын сел қауіпінен қорғауда аса маңызды рөл атқарады. Есік шатқалына экскурсияға келген туристерге тарихи және инженерлік ескерткіш ретінде де танымал.
Бұл экологиялық соқпақтар келушілерге таза ауамен тыныстап, табиғаттың әсемдігіне қанығып қана қоймай, қорықтың флорасы мен фаунасы жайлы құнды мәлімет алуға мүмкіндік береді.


«Монах шатқалы» – Алматы қорығының аумағында Талғар тау жүйесі табиғатымен танысуға мүмкіндік беретін ең көркем әрі ерекше көрнекті орындардың бірі. Халық арасында «Монашка» деп аталады. Монах шатқалы Оң Талғар өзені шатқалында теңіз деңгейінен 1400 м биіктікте орналасқан. Атауына келсек – 1920 жылдары осында жасырынған православиелік монахтардың құрметіне аталған. 1920–1930 жылдары Алматыдағы діни өмір ауыр сыннан өтті. Дін қызметкерлерінің бір бөлігі кеңес билігін мойындаса, екінші бөлігі оған қарсы күресті. Қуғын-сүргінге ұшыраған монахтар мен иеромонахтар Іле Алатауының тауларына кетіп Аксай шатқалында, Медеуде, кейінірек Талғарда шағын ғибадат орындарын құрды. 1921 жылғы селден кейін медеулік ғибадатхана қаңырап бос қалып, монахтар қол жетпес Талғар тауларына қоныс аударды. Мұнда олар ерекше сұлулығымен және тылсым табиғатымен ерекшеленген терең де тар каньонды тапты. Бүгінгі күнге дейін олардың шіркеуі орналасқан үңгірдің кіреберісі сақталған. Монах шатқалы тік дерлік жалаңаш жартас қабырғаларымен, самсаған шыршалары бар еңістермен, шағын үңгірімен және әсем сарқырамаларымен нағыз каньонға ұқсайды. Жолды бір жарым сағатта жүріп өтуге болады. Алдымен көзге түсе бермейтін соқпақ Монах өзенінің жиегіне алып шығады. Бұл өзен Монах шатқалының бойымен ағып жатады. Оның суы қысы-жазы мөп-мөлдір, ішуге жарамды әрі шипалы, сергітуші қасиеті бар. Соқпақ өзенді бойлай созылып, бірнеше рет бір жағадан екінші жағаға өтеді, алайда өзеннің арнасы аса кең емес. Шатқалды бойлай баяу жылжыған саяхатшылар тобы жиі тоқтап, экскурсоводтың әңгімесін тыңдап, шатқалдың әсем көріністерін тамашалайды. Ауа таза, мөлдір, кейде оған жалбыз бен басқа да таулы шөптердің хош иісі араласады. Соқпақтың жиегінде жабайы құлпынай мен таңқурай өседі, оны көріп өтіп кету мүмкін емес. Шыршалардың арасында ақтиындарды байқауға болады. Жабайы аңдардан марал, елік, тауешкі, борсық, сілеусін, аю, қар барысы кездеседі. Осы шатқалда Қызыл кітапқа енгізілген көк құстың ұясы кездеседі. Экскурсия шатқалдың ең көркем тұсында аяқталады: екі сатылы сарқырама үлкен тастармен толы тар қуыстың ішіне құлап ағады.
UNESCO/MAB
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті