Қазақстан табиғи аумақтарды дамыту мен қорғау жөніндегі әлемдік жүйеде елеулі рөл атқарады. Қазақстанда мемлекеттік қорық ісінің пайда болуы 1922 жылы Түркістан мәдениеті мен ежелгі табиғи ескерткіштерді қорғау комитеті құрылған кезде басталды. 1931 жылы 16 мамырда Қазақстанның Орталық Атқару Комитетінің арнайы қаулысымен (№ 20, 15 хаттама) Кіші Алматы орманды алқабында Алматы қорығы құрылды. Алғашында жер көлемі 12848 гектар жерді қамтыды. Қорық құрамына Кіші Алматы өзенінің аңғарындағы альпі шалғынды белдеуі де кірді. 1934 жылдың 1 сәуірінде Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қорықтар ережелерін бекіту» туралы қаулысына қол қойылды. Осы қаулыға сәйкес Алматы қорығын ұйымдастырудағы басты мақсаттар атап көрсетілді.
1. Іле Алатауы мен Күнгей Алатауының биік таулы алқаптарына тән табиғи, әрі тарихи табиғат жағдайларын кешенді түрде сақтап қалу, ғылыми тұрғыда зерттеу және қалпына келтіру.
2. Табиғи қорық аумағындағы және онымен шекаралас аудандардағы су деңгейінің қалыпты жағдайын қамтамасыз ету.
3. Лайлы – тасты тасқындарды болдырмау жағдайларын және ондай тасқындардың алдын алу үшін олардың даму кезеңдерін (процестерін) анықтау.
1934 жылығы 9 қыркүйектегі Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің (№10 хаттама) қаулысымен Алматы қорығының шекарасын кеңейту және мемлекеттік табиғи қорық мәртебесін беру мақсатында табиғи қорықты қайта ұйымдастыру шаралары жүргізілді.
1935 жылдың 10 ақпанда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен Ресей Федерациясы Халық Комиссарлар Кеңесінің «Жалпы мемлекеттік маңызы бар қорықтар жүйесін бекіту» туралы қаулысы қабылданды. Осы қаулы бойынша елімізде мемлекеттік мәні бар толық қорықтар жүйесі бекітілді. Табиғат қорғау жұмыстарын ғылыми негізде жүйелі түрде жүргізу шаралары да көрсетілді. Аталған қаулыда Алматы мемлекеттік табиғи қорығының жер көлемін 400 000 гектардай алқапқа кеңейту атап көрсетілді.
Осы жылы 9-шы желтоқсанда қорық аумағына Жалаңаш, Сөгеті аңғарлары іргелес жатқан таулармен бірге қосылды.
1941 жылы қорық аумағы 856 600 гектар алқапты қамтитын бес өңірді қамтыды.
1. Үлкен және Кіші Алматы орманды және соларға көршілес альпі белдеуін қамтыды. Оған басшылық жасайтын кеңсе Кіші Алматы шатқалында орналасты. Кіші Алматы шатқалындағы 1-ші бөлім кеңсесі орналасты.
2. Талғар орманды алқабы мен оған шекаралас альпі белдеуінен тұрды. Оған басшылық жасайтын 2-ші бөлім кеңсесі Талғар елді мекенінде орналасты.
3. Есік және Түрген орманды алқабын альпі белдеуімен қоса Қарашеңгел орманды өңірін қамтыды. 3-ші бөлім кеңсесі Түрген елді мекенінде орналасты.
4. Шелек және Шелек - Асы орманды өңірін, Сөгеті, Бұғыты, Жалаңаш аңғарларын, Шарын өзенінің батысындағы Іле өзенінің сол жақ жағалауын қамтыды. Оған басшылық жүргізетін 4-ші бөлім кеңсесі Шелек елді мекенінде орналасты.
5. Табанқарағай, Таушелек, Жалаңаш орманды өңірі мен оған шекаралас жатқан альпі белдеуін қамтыды. Оны басқаратын 5-ші бөлім кеңсесі Жалаңаш елді мекенінде орналасты.
Аудандардадың әрбір алқабын басқаратын жеке меңгерушісі, орманшысы, сонымен қатар аға және кіші бақылаушылары болды. Әрбір алқаптардағы аумақтарды күзету кезінде жылқылар көлік ретінде пайдаланылды. Алғашқы автокөлік 1936 жылдан бастап пайдалана басталды. Қорық штатында 65 адам тікелей табиғат қорғау саласында заңды түрде жұмыс істеді. Олардың 10-ы аға бақылаушылар болса, ал қалған 55-і кіші бақылаушылар болып қызмет атқарды. 1 алқап аумағы 10000 гектар, алып жатқан айналым аумағы 60000 гектар.
Қазіргі Іле Алатауы, Көлсай көлдері, Шарын, Алтын Емел ұлттық парктерінің аумақтары және Кеген, Шелек орман шарушылығының аумақтары Алматы қорығының аумағынан бөлініп шыққан. Яғни, Алматы қорығы жоғырады аталған мекемелердің «қара шаңырағы» болып табылады.
Қорықтағы ғылыми жұмыстар 1936 жылдан басталды. Оған дейін қорық аумағында ғылыми жұмыстар жүйелі түрде жүргізілмеді. Қорық аумағындағы алғашқы ғылыми жұмыстарды көрнекті ғалым профессор А.А.Битрих 1934 жылы бастады. Ол алғашқы рет қорық аумағындағы ормандардың биологиялық ерекшеліктерін зерттеуге кірісті.
1938 жылдан бастап Алматы мемлекеттік табиғи қорығының ғылыми бөлімінде «геокамера» құрылды. Кейіннен бұл «геокамера» қорықтағы табиғат мұражайының құрылуына негіз болды. Онда 800 құс тұлыбы, 300 сүтқоректілердің терісі, көбелектер коллекциялары және т.б. жинала бастады. Қорықтың «геокамерасындағы» коллекциялық материалдарды, негізінен ғылыми бөлімінің ғылыми қызметкері, зоолог М.Н.Корелов жеткізіп беріп тұрды. Табиғат мұражайы алғаш рет келушілерге арнап экскурсия жұмыстарын ұйымдастыра бастады. Бірақ та, мұражайға қажетті бөлмелер жетіспегендіктен 1940 жылы табиғат мұражайы жабылып қалды.
1936 жылы қорық аумағының Бахтияр шатқалына алғаш рет енот тәрізді иттер жерсіндірілді.
1939 жылы Алматы қорығындағы Ғылыми Кеңес өзінің алғашқы мәжілісін өткізді және осы жылы қорықта ғылыми еңбектердің бірінші жинағы басылып шығып, алғаш рет қорық аумағында табиғатты бақылаушылардың мамандығын жетілдіру курсы ұйымдастырылды. Қорықтағы алғашқы ғылыми еңбектердің баспадан шығуына К.П.Драчевский көп еңбек сіңірді.
Алматы мемлекеттік табиғи қорығында көрнекті ғалым, әрі әйгілі натуралист жазушы Максим Дмитриевич Зверев 1930-1940 жылдарда жұмыс атқарды. Ол қызмет атқарған жылдары қорық аумағы кеңейіп, жер көлемі бір миллион гектардай аумақты қамтыған. Ғылыми-зерттеу жұмыстарыда қарқынды жүргізілді. Бұл кезде қорықта 17 жоғары білімді маман-зерттеушілер (зоолог, ботаник, топырақ зерттеушілер, гидрогеолог т.б.) және 5 лаборант жұмыс істеген. Қорық аумағында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге Мәукеуден, Ленинградтан, Украинадан және Сібірдегі көптеген жоғары оқу орындарынан арнайы экспедициялар ұйымдастырылды. Көрнекті ғалымдар С.И.Огнев, П.И.Мантейфель, Н.В.Павлов, И.В.Галузо, Б.К.Штегман, А.Г.Банников және т.б. зерттеу жұмыстарымен айналысты. Әрбір ғылыми экспедициялар алдын-ала қорықтың ғылыми бөлімімен келісім шарт жасасып барып, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ғылыми жұмыстарының қорытынды есебінің көшірмесін қорықтың ғылыми бөліміне міндетті түрде өткізіп отырған.
Ұлы Отан соғысының ауыртпалығы Алматы қорығына да өз әсерін тигізді. Қорық аумағында шөп шауып, мал жаюға рұқсат етілді. 1950 жылы қорық аумағында жүргізілген есеп бойынша қорық алқабында 2000-дай арқар, 3000-дай таутеке, 8000-дай қарақұйрық, 150-дей бұғы болған.
1951 жылы қыркүйек айында түрлі себептермен Алматы қорығы таратылып жіберілді. Қорықтың кітапханасындағы кітаптар, ғылыми еңбектер республиканың түрлі мекемелеріне таратылып берілді. Қорықта жиналған зоологиялық коллекциялар СССР Ғылым Академиясының Зоология институтына, ал гербарийлер СССР Ғылым Академиясының Ботаника институтына берілді. Қорықтың тарқатылып жұмысын тоқтатуы қорық табиғатына елеулі зиянды әсерін тигізді. Таулы алқаптардағы ормандар аяусыз қырқылды. Жабайы жануарларды аулаудың нәтижесінде олардың саны күрт азайды. Дәрілік өсімдіктер өсетін жерлерде өсімдіктерді көптеп жинау белең алды Көптеген серуендеушілердің бейберекет әрекеттерінен таулы алқаптарда өрттің шығуы көбейді. Осылайша қорғаушысы жоқ табиғат байлықтары аяусыз талан – таражға түсті.
Қазақстандық бір топ ғалымдар мен қоғам қайраткерлері Іле Алатауының өзіне тән қайталанбас табиғат байлықтарын келешек ұрпақтар үшін сақтап қалу қажеттігін ескере отырып, Алматы қорығын қайтадан қалпына келтіру туралы мәселе көтерді. Қазақстан Үкіметі Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің арнайы № 524 қаулысымен 1961 жылы 31 шілдеде Алматы қорығы қайтадан құрылды. Алматы қорығына Алматы облысының сол кездегі Шелек және Кеген аудандарынан 128 мың гектар алқап бөлінді. Қорықтың орталық кеңсесі Шелек елді мекенінде орналасты.
1964 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесі № 40 қаулысымен, Есік пен Талғар өзендері су алабына, яғни жаңа аумаққа көшірілді. 1967 жылы Алматы қорығының орталық кеңсесі Алматы обылысы Талғар қаласынан 2 шақырым жерде Аққу ауылында орналасты. 1967-1968жж. Қорықтың жаңа орталық кеңсесі және қорық қызметкерлеріне Талғар қаласы Аққу ауылында алғаш екі қабатты үйлер салынды. Сонымен қатар сол жылдары кеңсе аумағының айналасын көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, алма және қайың ағаштары отырғызылды.
1967 жылы 5 қараша күні қорықтың табиғат мұражайы ашылды.
1966 жылы 12 қаңтарда Қаз ССР Министрлер Кеңесінің арнайы шешімімен ( № 31 – р) Алматы мемлекеттік табиғи қорығының құрамына оның бөлімшесі ретінде Алматы облысының аумағындағы Іле өзенінің сол жақ жағалауындағы Қалқан қонысынан өлі табиғаттың ерекше бір ескерткіші саналатын «Айғай құм» төбесі қосылды. Қорықтың бұл бөлімшесі сол кездегі Талдықорған облысының Кербұлақ ауданына қарады. Жер көлемі 17500 гектар аумақты қамтыды.
Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1982 жылы 9 желтоқсандағы №465 қаулысы бойынша «Айғай құм» табиғи ескерткіші орналасқан Қалқан қонысы Қапшағай аңшылық – қорықтық шаруашылығының құрамына берілді.
Қорықтың негізгі мақсаты – Солтүстік Тянь-Шань тауының орталық бөлігіндегі табиғи бірлестіктерді, өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесін қорғау мен сақтау, табиғи даму заңдылықтарын зерттеу болып табылады.
Алматы мемлекеттік табиғи қорығының аумағы Солтүстік Тянь-шаньның орталық бөлігінде теңіз деңгейінен 1200-5017 метр биіктікте жалпы алқабы 71 700 га Талғар және Есік аудандарын алып жатыр. Орталық кеңсе Алматы қаласынан 25 шақырым жерде Талғар қаласында орналасқан. Қорық аумағында бірегей қорықтық күзет режимі белгіленген. Ерекше қорғалатын аумақтар арасында қорық ең жоғарғы санаттағы дәрежеге ие. Орманды жерлері 13211 га, оның ішінде орман жапқан жерлері 12435 га (орман екпелері 14 га), орман жаппаған орманды жерлер 776 га, ағашы сирек жерлер 763 га, өртенген жерлер 13 га. Барлық ормансыз жерлер 58489 га, оның ішінде сулар 123 га, жолдар 10 га, мекендер 2 га, басқа жерлер 38235 га, мұздықтар 20048 га. Қорықта жалпы көлемі 233,7 км2 құрайтын 160 мұздық есептеліп, оның ішінде тек қана Есік өзені бассейінінде көлемі 53 км2 болатын 49 мұздық бар. Қорықтың шығысы мен батысын, солтүстігін «Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы жарты ай тәрізді қоршап тұр, ал оңтүстігі «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен шекаралас. Қорық аумағы екі үлкен бөлімшеге бөлінген: бірінші – Талғар бөлімшесі 40 094 га және екінші – Есік бөлімшесі 31 606 га. Қорықтың негізгі тау жүйесін – Талғар тау алқабы жүйесі құрайды. Қорық аумағындағы ең биік шың Талғар шыңы 5017 м. 4500 метрден асатын оннан астам шың бар, олар: Егіздер (4694м), Ақтау (4686м), Есіктеншоқы – (4685м), Белый (4677м), Копр (4612,6м), Металлург (4600м), Богатырь (4576м), Жусанды-Күнгей (4565м), Сүлеймен Стальский (4514м). Табиғи қорықтың негізгі орталық бөлігін мұздану аймағы алып жатыр. Тянь-шаньның солтүстігіндегі ең үлкен мұздықтар қорық аумағында орналасқан. Аумағы мен көлемі жағынан ең үлкендері: Корженевский, Шокальский, Богатырь, Дмитриев, Конституция, Тоғызақ, Калесник, Металлург, Озёрный, Спортивный, Крошка, ТЭУ, Григорьев, Пальгов, Кассин. Өзен желілері жақсы дамыған. Көптеген шатқалдардың түбінде бұлақтар көп, өзендердің көлемі 5-7 км, тереңдігі 1 метрге дейін едәуір тасқынды болып ағады. Қорық аумағындағы өзендердің барлығы бастауын мұздықтардан алады. Ең үлкен өзендер: Оң, Орта және Сол Талғар, Есік, Жарсай, Тік, Оңтүстік Есік, Оңтүстік-шығыс Талғар, Жаңғырық, Шелек, Жалғызқарағай. Жаз мезгілдерінде күннің қатты ыстық болуына байланысты, өзендердің барлығы сел жүру қауіпі жоғары болып табылады. Қорық аумағында соңғы рет сел 2014 жылы шілде айында болған. Есік өзені шатқалының бойында табиғи құлама-тектоникалық жағдайлардан пайда болған Есік, Бозкөл, Ақкөл және Мұзкөл көлдері бар. Табиғи қорық аумағында ерекше табиғат туындылары бар. Соның бірі, Есік шатқалы Тік сайының жоғарғы жағында Солтүстік Тянь-Шаньдағы ең ірі көшкін мұз орналасқан. Ұзындығы шамамен 3,5 шақырым. Ол жылына бірнеше ондаған сантиметр жылдамдықпен қозғалады және аймақтағы белсенді көшкін мұздар ішіндегі ең төмен орналасқандығымен (теңіз деңгейінен 2400м) ерекшеленеді. Қорық аумағының Орта Талғар өзені бойында теңіз деңгейінен 1850м биіктікте жылы қайнар бұлақ бар. Суы радонды және натрийлі. Солтүстік Тянь – Шаньның ерекше және тән таулы ландшафттарын қоса алғанда, табиғи экожүйелерді сақтауда Солтүстік Тянь-Шаньның табиғи кешендерін қорғау және зерттеу маңызды рөл атқарады. Қорық аумағы бірнеше тау белдеулерін қамтиды: аралас жапырақты орман белдеуі (т.д. 1200-1600 м дейінгі биіктік), қылқан жапырақты орман белдеуі (т.д. 1600-2800 м), субальпі белдеуі (т.д. 2700-3000 м), альпі белдеуі (т.д.3000-3500 м), қорым тасты, гляциальді-нивальді белдеуі (т.д. 3500 м жоғары биіктіктер).
Алматы қорығының байлығы сирек кездесетін, құрып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің генофондын сақтауда маңызды рөл атқаратынын айғақтайды.
Алматы қорығының басты байлығының бірі – Тянь-шань шыршалы ормандары. Бұл ормандар ғасырлар бойы Іле Алатауының тау жоталарының экожүйесін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады, өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесінің қалыпты өмірін қамтамасыз етеді.
Қорық ұжымы болашақ ұрпақ үшін бірегей табиғатты сақтау үшін аянбай еңбек етуде. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында Алматы қорығы Қазақстандағы жетекші қорықтардың біріне айналды.
«Алматы мемлекеттік табиғи қорығында» 2006 жылғы 7 шілдедегі «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жемісті жұмыс жүргізуде.
Алматы қорығында табиғат кешендері мен объектілерді қорғау бойынша жұмыстар, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және экологиялық ағарту іс-шаралары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың сәттілігі көбінесе мамандардың біліктілігі мен бірлігіне байланысты. Сондықтан табиғатты қорғау және қорық қызметі бойынша күрделі мәселелер ғылыми кеңесте және ұжымдық жиналыстарда талқыланады. Ұжым жемісті еңбегі мен бірлігі үшін Қазақстан Республикасының Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен марапатталды: 2011 жылы 1-орын және 2014 жылы республикалық рейтинте 2-орын. Сондай-ақ, ұжым табиғатты қорғау бойынша белсенді үгіт-насихат жұмыстары үшін «Парктер шеруі 2013» акциясына Алғыс хатпен марапатталды. Еліміздегі қорықтардың арасынан Халықаралық табиғат қорғау «Парктер шеруі 2024» акциясынан 1-орын иеленді. Болашақта ұжым жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жұмысын жалғастыратын болады. Алматы қорығы еліміздегі ең көне және бірегей қорықтардың бірі бола отырып, дамудың күрделі жолынан өтті.
2020 жылдың 28-ші қазан күні ЮНЕСКО бағдарламасының «Адам және биосфера» Халықаралық үйлестіру кеңесінің 32-ші сессиясының отырысында Алматы мемлекеттік табиғи қорығы өзінің бірегей рельефі, әсем табиғаты мен бай биоәртүрлілігінің арқасында ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биофералық қорықтар тізіміне енді.
UNESCO/MAB
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті